Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде өндірістік әлеуетті арттыруға, импортты алмастыруға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беріліп, индустриялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында өндірістік аймақта салынып жатқан пластик қалдықтарын қайта өңдеу және пластик өнімдерін шығаратын жаңа зауыттың құрылыс алаңында болды.
Жобаны «KAZ INVA» ЖШС жүзеге асыруда. Жалпы инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнында құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Өңір басшысы жауапты сала жетекшілері мен аудан әкімдігіне жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жаңа кәсіпорын іске қосылғаннан кейін пластик қалдықтарын қайта өңдеп, ауыл шаруашылығы мен түрлі өндіріс салаларына қажетті пластик бұйымдарын шығаратын болады. Жобаның нәтижесінде 70 тұрақты жұмыс орны ашылып, кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 10 миллион дана өнімге жетеді. Бұл өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, екінші реттік шикізатты тиімді пайдалануға және экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Жетісай ауданындағы 59 гектарды алып жатқан индустриялық аймақ бүгінде өңірдегі өндірістік өсімнің маңызды орталықтарының біріне айналып келеді. Мұнда жалпы инвестициялық құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 5 ірі өндірістік жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда олардың екеуі пайдалануға берілсе, қалған үш зауыттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Барлық жобалар толық іске қосылған кезде мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар өндірістік парк аумағында жиһаз, ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектер, құрама жем, металл бұйымдары және тұрмыстық химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, 3,5 млрд теңге инвестиция тартылған «MIR AGRO KZ» ЖШС-нің заманауи жылыжай кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған қойма құрылысы жүргізілуде.
Бүгінде Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы бизнес орта қалыптастырылған. Өңірде қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық аудан мен қалада шағын өнеркәсіптік парктер құрылып, өндірістік жобаларды іске асыруға мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

