ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫП, ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту, заманауи медициналық мекемелер салу және тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі ретінде жүзеге асырылып келеді.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Жетісай ауданының Асықата кентінде жеке инвестиция есебінен салынған «Aksu Samruk Medical Clinic» медициналық орталығы пайдалануға берілді. Жаңа әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды маңызды жобаның іске қосылуымен құттықтады.

Өңір басшысы жаңа медициналық орталықтардың ашылуы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласына бағытталған әрбір инвестиция тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету жүйесін дамытуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс құрылғаннан бері өңірде 214 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, медициналық қызмет көрсету желісі айтарлықтай кеңейді. Бұл көрсеткіш әлеуметтік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын аңғартады.

Жетісай ауданындағы жаңа медициналық орталық жергілікті кәсіпкердің 2 млрд теңге көлеміндегі жеке инвестициясы есебінен бой көтерді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған емдеу мекемесі тәулігіне 280 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда 10 орындық күндізгі стационар мен 40 орындық тәулік бойы жұмыс істейтін стационар қарастырылған. Жобаның іске асырылуы нәтижесінде 70 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдегі жұмыспен қамту көрсеткішінің артуына үлес қосылды.

Жалпы аумағы 2 565 шаршы метрді құрайтын медициналық орталықта терапия, кардиология, хирургия, травматология, оториноларингология, эндокринология, неврология, гастроэнтерология, дерматология, офтальмология, стоматология, гинекология, урология және педиатрия бағыттары бойынша жоғары білікті дәрігерлер қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар медициналық мекемеде күрделі хирургиялық операциялар жасауға мүмкіндік беретін бөлімшелер, заманауи зертханалар, балалар мен ересектерге арналған вакцина кабинеттері, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалған лифт жүйесі және жаңа жедел жәрдем көліктері қарастырылған.