ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨНДІРІСТЕР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының индустриялық әлеуетін күшейту бағытындағы маңызды жобалардың бірі Кентау қаласында жүзеге асты. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында заманауи технологиялармен жабдықталған екі жаңа өндіріс орны – жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабель өндіретін «Kentau Cable Industries» және электр жабдықтарына арналған металл шкафтарын шығаратын «ElectroCore» зауыттарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңа өндіріс орындарының ашылуына қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобалардың өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, экономиканың әртараптануына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының өндірісті жаңғырту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жоғары технологиялық кәсіпорындарды көбейту жөніндегі тапсырмалары өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Өңір басшысы Кентаудың өндірістік дәстүрі қайта жаңғырып келе жатқанын айтып, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы қаланың индустриялық дамуына тың серпін беретінін жеткізді. Сондай-ақ жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқан инвесторлар мен мамандарға алғысын білдіріп, облыста өндіріс орындарын көбейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

«Kentau Cable Industries» және «ElectroCore» компанияларының директоры Асқар Баймырзаұлы жаңа зауыттарда халықаралық стандарттарға сай заманауи өндіріс технологиялары қолданылатынын айтты. Оның сөзінше, кәсіпорындардың негізгі мақсаты – ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін ұлғайту. Сонымен қатар өндірістік қуатты кезең-кезеңімен арттырып, өнім ассортиментін кеңейту және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.

Жаңа өндірістердің бірі саналатын «Kentau Cable Industries» зауытына 1,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель мен 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін өндіруге қауқарлы. Мұнда өндірістің толық циклі жолға қойылып, бағдарламалық басқару жүйесімен жабдықталған автоматтандырылған желілер іске қосылған. Өндіріс барысында Siemens, Bosch, ADVANTECH және Panasonic секілді әлемдік жетекші компаниялардың технологиялары пайдаланылады. Кәсіпорында 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ал «ElectroCore» зауыты электр жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіруге маманданған. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба аясында кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 12 мың дана өнім шығаруға жетеді. Зауытта 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуына үлес қоспақ.