ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП ПЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысында құқықтық саясатты тиімді іске асыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында жан-жақты қаралды.

Жиын барысында өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған шаралардың орындалу барысы сараланып, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту, қабылданатын шешімдердің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді. Күн тәртібінде мүліктік қылмыстардың алдын алу және заңсыз ойын бизнесі, онлайн-казино мен қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимылды күшейту бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың да ортақ міндеті екенін атап өтті. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктеріне құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстарды күшейту, қылмыс жиі тіркелетін аумақтарда рейдтік іс-шараларды жүйелі ұйымдастыру және халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар қаржылық алаяқтық, заңсыз ойын бизнесі, онлайн-казино және қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы күресті күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы жауапты мекемелерге экономикалық сипаттағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, лудоманиямен күресті күшейту, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Мәжілісте Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметтері тыңдалып, өңірдегі криминогендік ахуалға талдау жасалды. Құқық қорғау органдарының жүргізген жұмыстары нәтижесінде жалпы қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі сақталғаны айтылды. Сонымен бірге ұялы телефон мен мал ұрлығы жиі тіркелетін бірқатар аудан-қалалардағы жағдай қаралып, олардың себептері сараланып, алдын алу шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар берілді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері заңсыз ойын бизнесіне, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидаларға қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Жиында тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейту, мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.