ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында индустриялық аймақтарды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда өңір аумағында жалпы көлемі 1 961,3 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ құрылған. Бұл аймақтарда жалпы құны 132,3 млрд теңгеге бағаланатын 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Бүгінгі күнге дейін құны 59,8 млрд теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба іске қосылып, 3 454 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жалпы сомасы 72,6 млрд теңгеге тең 43 жоба жүзеге асырылу кезеңінде. Аталған бастамалар толық іске қосылған жағдайда қосымша 2 547 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұл мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиында индустриялық аймақтардың қазіргі ахуалы сараланып, кездесіп отырған өзекті мәселелер қаралды.

Облыс әкімі инвестиция тарту, өндірісті дамыту және халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жер телімдерін рәсімдеу мен инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын жеделдету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек, аудан және қала әкімдеріне инвесторлармен жұмысты күшейтіп, тиімді жобаларды іске асыруға басымдық беру міндеттелді.

Индустриялық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар өңір экономикасының негізгі өндірістік салаларын қамтиды. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, құрылыс индустриясы, пластмасса бұйымдарын шығару, машина жасау, металлургия, дайын металл өнімдерін өндіру және жиһаз жасау бағыттары белсенді дамып келеді.

Жиында Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаев баяндама жасап, өткен жылы индустриялық аймақ кәсіпорындары тарапынан 26,2 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін мәлімдеді. Сонымен бірге бюджетке 1,7 млрд теңге көлемінде салық түсіп, инфрақұрылым жүргізуге 12,4 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде бюджеттен бөлінген әрбір теңгеге 10,7 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірлік маңызы бар «Түркістан-2» индустриялық аймағы құрылып, бүгінде оның аумағындағы 150 гектар жер телімін құқықтық рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Мәжіліс барысында индустриялық аймақтардың тиімділігін арттыру және түйткілді мәселелерді шешу жолдары да жан-жақты талқыланды.