САРЫАҒАШТА ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Сарыағаш қаласында бой көтеріп жатқан өндірістік парк нысанының құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы жобаға қатысушы кәсіпкерлермен кездесіп, өндірісті дамыту және жаңа кәсіпорындарды іске қосу бағытындағы жоспарларды талқылады.

Аймақ басшысы өндірістік парктің аудан экономикасын дамытудағы маңызын атап өтіп, бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын әрі орта бизнестің дамуына серпін беретінін жеткізді. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап, жобаларды уақытылы іске қосу қажеттігін тапсырды. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айтқан облыс әкімі кәсіпкерлікті дамыту өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін ерекше атап өтті.

Жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайтын өндірістік парк аумағында кәсіпкерлерге кезең-кезеңімен жер телімдері бөлінген. Жоба құны 800 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталып, 2026 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланған. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында бірнеше нысанның құрылысы қатар жүргізілуде. Екі ғимараттың іргетасы толық құйылып, металл конструкцияларын орнату жұмыстары басталған. Тағы екі нысанның іргетасын құю жалғасып жатыр. Сонымен бірге тағы бір өндірістік нысанның құрылысы жуық арада басталмақ.

Өндірістік парк аясында жалпы бес инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, жұмыртқаға арналған лоток өндіретін цех ашу жоспарланып, оған 250 млн теңге инвестиция тартылмақ. Жоба іске қосылғанда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар жиһаз өндіретін цехқа 150 млн теңге инвестиция салынып, 15 жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, кондитерлік өнімдер шығаратын өндіріс орны іске қосылып, онда 10 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Сондай-ақ балалар ойын алаңшаларына арналған құрал-жабдықтар өндіретін цех ашылып, 20 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өндірістік парк аумағында құрама жем шығаратын кәсіпорын да іске қосылады. Аталған жобаның инвестициялық құны 100 млн теңгені құрайды және 15 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген.

Жоба толық жүзеге асқан жағдайда Сарыағаш ауданында өндіріс көлемі ұлғайып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және өңір экономикасының дамуына тың серпін береді деп күтілуде.