Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету, инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, өндіріс орындарын көбейту және халықты тұрақты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облыста бірқатар ірі инвестициялық жобалар қолға алынған.
Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров SP ООО «ZHONGTIAN CHEMICAL» компаниясының өкілдерімен кездесіп, Қазығұрт ауданында жүзеге асырылуы жоспарланған инвестициялық жобаның негізгі бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында өндірістік нысан салу, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімін белгілеу және жобаны тиімді іске асыру мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар инвесторларға өңірдің өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдіктер туралы ақпарат берілді.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналғанын атап өтіп, жаңа өндірістер ашуға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оның айтуынша, өндіріс орындарының ашылуы өңір экономикасының әртараптануына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың әл-ауқатының артуына оң ықпал етеді.
Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі инвестициялық белсенділігі жоғары өңірлердің біріне айналып отыр. Биылғы жылдың алғашқы бес айында облыс экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 150,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өңірдің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар 2026–2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы саны 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Аталған жобалардың жалпы мақсаты – өңірдің өндірістік әлеуетін күшейту, экономиканың түрлі салаларын дамыту және 17 820 жаңа жұмыс орнын құру.
Жобалардың ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын 30 ірі инвестициялық бастама бар. Жалпы құны 608,9 млрд теңгені құрайтын бұл жобалар іске қосылған жағдайда 7 799 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыспен қамту деңгейін арттырып қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысында қолға алынған инвестициялық саясаттың басты мақсаты – өндіріс орындарын көбейту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа технологияларды енгізу және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы тұрғыда халықаралық компаниялармен орнатылған әріптестік өңір экономикасының тұрақты дамуына, өнеркәсіптік әлеуеттің артуына және инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруына негіз болмақ.

