Түркістан облысында халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, заманауи сәулет талаптарына сай инфрақұрылымды дамыту және туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде жүзеге асырылатын құрылыс және сәулет жобаларының келбетін талқылауға арналған кезекті жұмыс жиыны өтті.
Мәжілісте Келес ауданы мен Түркістан қаласында жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар маңызды жобалар қаралып, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі сараланды. Сондай-ақ жас сәулетшілер мен мамандар өздерінің тың ұсыныстары мен жобалық шешімдерін таныстырып, сәулеттік кеңістікті жаңғыртуға қатысты бастамаларын ортаға салды.
Жиын барысында жалпы саны жеті сәулеттік жоба ұсынылып, олардың функционалдық мүмкіндіктері мен өңірдің даму стратегиясына сәйкестігі талқыланды. Облыс әкімі әрбір жобаға нақты тапсырмалар беріп, сәулеттік шешімдердің заманауи талаптарға сай болуына, ұлттық нақыш пен өңірдің тарихи ерекшеліктерін үйлестіруге және тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ерекше назар аударды.
Талқыланған бастамалардың қатарында Келес ауданында су спорт кешенін салу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын абаттандыру және қоршау, Түркістан қаласында халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге арналған Рәміздер алаңын салу жобалары бар. Сонымен қатар жол бойындағы сервистік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жүк көліктеріне арналған қызмет көрсету орталығын ашу және өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған футбол академиясын құру мәселелері қаралды.
Туризм саласын дамытуға бағытталған жобаларға да ерекше көңіл бөлінді. Түркістан қаласының тарихи бөлігіндегі базар аумағын жаңғырту арқылы оны туристер үшін тартымды мәдени және сауда кеңістігіне айналдыру көзделуде. Бұл бастама өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сонымен бірге Көне Арбаттың сәулеттік келбетін жаңарту, қала аумағында өрік бағын қалыптастыру, туристік бағыттарды жетілдіру, саяхатшыларға арналған арнайы маршруттық карталар мен туристік паспорт әзірлеу, сондай-ақ экологиялық көлік қызметін дамыту бағытындағы ұсыныстар қаралды. Бұл жобалар Түркістан қаласының халықаралық туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді.
Жиында Тәуке хан даңғылын абаттандыру және қайта жаңғырту, жаяу жүргіншілерге арналған жаңа бағыттар салу, көшелерді көріктендіру және қолданыстағы нысандардың сәулеттік келбетін жақсарту мәселелері де кеңінен талқыланды. Мұндай жобалар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қолайлы қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге мүмкіндік береді.
Мәжіліс барысында Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жобаларының орындалу барысы қаралып, Түркі елдерінің орталығын салу жобасының тұжырымдамасы таныстырылды. Аталған бастамалар Түркістан қаласының халықаралық деңгейдегі мәдени, іскерлік және туристік орталық ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.

