ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түркістан облысында көлік инфрақұрылымын дамыту және автомобиль жолдарының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жол желісін жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынасын қамтамасыз етумен қатар, кәсіпкерлік, туризм және инвестициялық әлеуеттің артуына оң ықпал етуде.

Автомобиль жолдары саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде қаралды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жол құрылысы нысандарындағы жұмыстарды жеделдету, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейту және сапасыз орындалған жұмыстарға заң талаптарына сәйкес шара қолдану жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандары мен санитарлық-гигиеналық тораптарды талапқа сәйкестендіру, автомобиль жолдарын күтіп ұстау және қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын сапалы ұйымдастыру міндеті қойылды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалына да жолдарды күтіп-ұстау және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар берілді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 95 пайызы, ал облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 94,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Биыл өңірде жалпы ұзындығы 1 138,1 шақырымды қамтитын 224 жол нысанында құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдарда – 22, аудандық маңызы бар жолдарда – 18, ал елді мекендердегі 184 көшеде жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін 103 нысанды, яғни 445,2 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жол құрылысының сапасын бақылау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері арнайы зертханалар 532 сынама алып, белгіленген талаптарға сәйкес келмеген құрылыс материалдарын пайдаланған мердігерлерге 10 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен 15 мың шаршы метрден астам асфальт жабынын, жалпы 119,4 миллион теңге көлеміндегі жұмысты қайта орындады.

Республикалық маңызы бар жолдарды жаңғырту жұмыстары да жоспарлы түрде жалғасуда. Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағындағы республикалық автомобиль жолдарының ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Биыл жалпы ұзындығы 128 шақырым болатын 6 нысанда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал 2026 жылы ұзындығы 104 шақырымды қамтитын «Самара – Шымкент» халықаралық автодәлізінің екі учаскесінде орташа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Жоба аясында жолдардың сақталуын бақылау мақсатында 6 автоматты салмақ өлшеу станциясы орнатылады.

Сонымен қатар жолдарды күтіп-ұстау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да тұрақты жүргізілуде. Жыл басынан бері жоспарланған шұңқырларды жөндеу жұмыстарының 86 пайызы орындалды. Бұдан бөлек, жол таңбаларын жаңарту, жаңа жол белгілерін орнату, қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру және жолдардың техникалық жағдайын сақтау шаралары бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.