ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР МЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ДАМУ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түркістан облысында өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Биыл облыс көлемінде әлеуметтік маңызы бар 93 нысанның құрылысына бюджеттен 77,3 млрд теңге бөлініп, оның 58-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда жеті нысан ел игілігіне тапсырылды.

Өңірдегі құрылыс жұмыстарының орындалу барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Басқосуда әлеуметтік нысандардың құрылысы, тұрғын үй салу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және құрылыс сапасын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Облыс әкімі барлық жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы басты талап екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс жұмыстарының әр кезеңін тұрақты бақылауда ұстап, мемлекеттік қаржының тиімді әрі мақсатты игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейтіп, талапқа сай жұмыс жүргізбеген жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Мәжілісте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Турханов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.

Қазіргі таңда облыста білім беру саласы бойынша 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде тоғыз мектептің құрылысына 8,6 млрд теңге бөлініп, Ордабасы ауданында үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қалған алты білім ордасын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Созақ ауданындағы колледж жатақханасы мен Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарындағы жаңа буын өкілдерін дамыту орталықтарының құрылысы жалғасуда.

Денсаулық сақтау саласында да бірқатар маңызды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының кәріз жүйесін жаңғырту жұмыстары толық аяқталса, Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қоры қаржыландырып жатқан 80 орындық перзентхананың құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды.

Мәдениет саласын дамыту бағытында 13 нысанның құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінде Жетісай ауданындағы Жылысу ауылында мәдениет үйі мен кітапхана, сондай-ақ Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі халық игілігіне берілді. Жыл соңына дейін өңірдің бірнеше ауданында жаңа мәдениет үйлері, кітапханалар және мұражайлар пайдалануға беріледі.

Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Биыл өңірде 10 спорт нысанының құрылысы қолға алынды. Қазіргі уақытта Сауран ауданының Шорнақ ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы бес спорт нысанын аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынып жатқан ангар үлгісіндегі спорт залдарының бірі Бәйдібек ауданында іске қосылды, ал Келес ауданындағы нысанды жақын уақытта пайдалануға беру көзделген.