Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын әртараптандыру, заманауи технологияларды енгізу және өнімді терең өңдеу жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде жаңа өндірістік тәсілдер кеңінен қолданылып, саланың экономикалық әлеуеті жылдан-жылға нығайып келеді.
Бүгінде облыста егін орағы науқаны жоғары қарқынмен жүргізілуде. Қазығұрт ауданында өсірілген күздік бидай республика бойынша алғашқылардың бірі болып жиналып, жаңа өнім қамбаға құйыла бастады. Бұл өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен диқандардың ұйымдасқан еңбегінің нәтижесін айқын көрсетеді.
Қазығұрт ауданындағы «Үшбастау» өндірістік кооперативі ауыл шаруашылығында инновациялық технологияларды тиімді пайдаланып отырған шаруашылықтардың бірі саналады. Кооператив биыл 700 гектарға бидай, 110 гектарға арпа, 150 гектарға мақсары және 60 гектарға жоңышқа егіп, өнім көлемін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде.
Шаруашылық соңғы жылдары су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін нөлдік өңдеу технологиясын кеңінен енгізіп келеді. Биыл бұл әдіс 600 гектар бидай алқабында қолданылған. Аталған технология топырақтың табиғи құнарын сақтауға, ылғалдың булануын азайтуға, өндірістік шығындарды төмендетуге және егін өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеп, тұрақты өндіріс қалыптастыруға ықпал етеді.
Өндірістік кооперативтің материалдық-техникалық базасы да жыл сайын жаңартылып келеді. Кәсіпорында 2 500 тонна астық сақтауға арналған қойма, жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникалары мен заманауи астық жинайтын комбайндар пайдаланылуда. Қазіргі таңда шаруашылықта 12 адам тұрақты, ал егін орағы кезеңінде 20 адам маусымдық жұмыспен қамтылып отыр.
Жалпы Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында тұрақты оң динамика қалыптасқан. Соңғы сегіз жылда өңірдің ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,2 есеге артып, 551,1 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге дейін жетті. Осы кезеңде салаға 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, өндірістік инфрақұрылым жаңғыртылып, жаңа технологиялар енгізілді.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 919,4 мың гектарды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының аграрлық сектордағы көшбасшылық позициясын нығайтып, республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі жөнінен алдыңғы орында тұрған өңір мәртебесін айқындай түсуде.

