ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АУЫЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ АРТТЫРУҒА СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендерді дамыту, халықтың табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде «Ауыл аманаты» жобасы тиімді іске асырылып, ауыл экономикасының тұрақты дамуына жаңа серпін беруде.

Бағдарлама ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына, өндіріс көлемін ұлғайтуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және кооперацияны дамытуға мүмкіндік беретін маңызды мемлекеттік қолдау тетігіне айналды. Нәтижесінде ауылдық жерлерде кәсіпкерлік белсенділігі артып, халықтың тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қол жеткізіліп отыр.

2023–2025 жылдар аралығында жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 30,2 миллиард теңге бөлініп, қаражат толық игерілді. Осы кезеңде өңір бойынша 6 бағытта 4 223 жоба жеңілдетілген несие алып, нақты өндірістік және кәсіпкерлік бастамалар жүзеге асырылды.

Қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Атап айтқанда, 597 жоба өсімдік шаруашылығын, 3 155 жоба мал шаруашылығын, 22 жоба құс шаруашылығын, 53 жоба балық шаруашылығын дамытуға бағытталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша 150 жоба іске асырылса, 279 тұрғын өз кәсібін ашып, шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік алды.

Бағдарламаның тиімділігі нақты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерден айқын көрінеді. Соңғы үш жылда облыс аумағында 593 жылыжай кешені салынды, 79 ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Сонымен қатар шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4 223 бірлікке артып, 4 635 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің кеңеюі мал шаруашылығының дамуына да оң әсерін тигізді. Бағдарлама аясында өңірдегі мал басы 76 887 басқа көбейді, бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және азық-түлік өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға азайды.

Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы тек ауыл шаруашылығын дамытуға ғана емес, өндіріс, қызмет көрсету, қайта өңдеу және шағын кәсіпкерлік салаларын әртараптандыруға да бағытталуда. Бұл ауыл экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуде.

Биыл бағдарламаны іске асыру жұмыстары жалғасып, республикалық бюджеттен 15,3 миллиард теңге қарастырылды. Осы қаржы есебінен 1 115 жобаны қаржыландыру және 1 400 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, халықтың жұмыспен қамтылуын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.