Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, өнеркәсіп өндірісін ұлғайту және шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өңірде қосылған құны жоғары өнім өндіретін жаңа өндіріс орындарын ашу, экспорттық әлеуетті арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған.
Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Jiangxi Zhixin Real Estate Development Co., Ltd» компаниясының бас директоры Мао Тиньмен және «Хуатун» халықаралық инвестициялық-өнеркәсіптік тобының халықаралық бизнес және шетелдік өнеркәсіптік инвестициялар жөніндегі басшысы Пэн Бохэнмен кездесті.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуеті, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, қолайлы географиялық орналасуы, көлік-логистикалық артықшылықтары және инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Тараптар Түркістан облысында өндірістік жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылап, құрылыс индустриясын дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Қытайлық инвесторлар өңірде құрылыс хабын қалыптастыруға қызығушылық білдіріп, құрылыс материалдары мен сантехникалық өнімдер шығаратын заманауи өндіріс орындарын ашу жөніндегі жоспарларын таныстырды.
Жоспарланып отырған өндірістер өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, импортты алмастыруға, құрылыс саласының қажеттілігін отандық өніммен қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай жобалар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, өңір экономикасының әртараптануына оң әсерін тигізеді.
Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында өндірістік инфрақұрылымы дайын индустриялық аймақтар мен өндірістік парктер қалыптастырылған. Бұл өндіріс орындарын қысқа мерзімде іске қосуға және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған инвестициялық жобаларды жан-жақты зерделеп, өзара тиімді әріптестікті нығайту және келіссөздерді жалғастыру жөнінде уағдаласты.
Шетелдік инвесторлармен осындай ынтымақтастықты дамыту Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа өндірістерді іске қосуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

