Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Wuhan Xiangyu Dingsheng Construction Engineering Co., Ltd.» компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірде гүл шаруашылығын дамытуға арналған ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында тараптар «Гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығын салу» жобасының негізгі кезеңдерін, инвестиция көлемін, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету тетіктерін, сондай-ақ өндірілетін өнімді ішкі және халықаралық нарыққа шығару мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырды. Сонымен бірге мемлекеттік қолдау құралдары мен өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастама Түркістан өңірінің инвестициялық тартымдылығын арттырумен қатар, ауыл шаруашылығының жаңа бағытын дамытуға серпін беретінін атап өтті.
Өз сөзінде өңір басшысы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Ухань қаласында аталған компаниямен алғашқы келіссөздер жүргізілгенін еске алып, бүгінгі кездесу сол уағдаластықтарды нақты іске асыру кезеңіне көшудің маңызды қадамы екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа жоба агроөнеркәсіптік өндірісті әртараптандыруға, сауда-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге, инвестиция тартуға және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Компания өкілдері өз кезегінде Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға дайын екендіктерін мәлімдеді. Жоспарға сәйкес, кешенде гүлдер мен декоративті ағаштардың әртүрлі сұрыптары өсіріліп, өндіріс үдерісіне заманауи агротехнологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері енгізіледі. Бұл өнімнің сапасын арттырып, жыл бойы үздіксіз өндіріс ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа кешен өндірістік алаң ғана емес, гүл өнімдерін көтерме және бөлшек саудалайтын орталыққа, болашақта туристер қызығушылық танытатын нысанға айналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңірдің кәсіпкерлік және туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық жобаны тиімді жүзеге асыру мақсатында өзара ынтымақтастықты жалғастырып, барлық ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді бірлесіп пысықтауға уағдаласты.

