ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫН ЖОСПАРЛАУ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛІП, ӨҢІРДІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫНА НЕГІЗ ҚАЛАНУДА

Түркістан облысында елді мекендерді жүйелі дамыту, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етуде қала құрылысы саясаты мен аумақтық жоспарлау құжаттарының маңызы ерекше. Осыған байланысты облыс аумағын тиімді игеру, құрылыс жұмыстарын реттеу және болашақ даму бағыттарын айқындау мақсатында кешенді жоспарлау шаралары жүзеге асырылуда.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте аудан-қалалардың бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының орындалу барысы талқыланып, саланың өзекті мәселелері сараланды. Жиында өңірдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын құжаттардың сапалы әзірленуі мен уақытылы орындалуы басты назарға алынды.

Қазіргі таңда облыстағы елді мекендердің басым бөлігі қала құрылысы құжаттарымен толық қамтылған. Бұл тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды тиімді орналастыру мәселелерін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді. Бас жоспарлардың болуы өңірдің сәулеттік келбетін сақтай отырып, экономикалық даму әлеуетін арттыруға жол ашады.

Облыс аумақтарын кешенді дамыту мақсатында әзірленген қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы өңірдің болашақтағы даму басымдықтарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат саналады. Аталған жоба облыстың өндірістік, тұрғын үй, көлік-логистикалық және туристік инфрақұрылымын дамыту бағыттарын нақтылап, елді мекендердің үйлесімді дамуына негіз болады.

Мәжілісте Түркістан қаласының жаңадан бекітілген Бас жоспарының негізгі бағыттары да таныстырылды. Жоспарға сәйкес алдағы жылдары облыс орталығының аумағы кеңейіп, тұрғындар санының едәуір өсуі күтіледі. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құрылысының көлемін арттыруды, жаңа әлеуметтік нысандар салуды және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруді талап етеді.

Түркістан қаласын дамыту стратегиясында туризм саласына ерекше басымдық берілген. Алдағы кезеңде өңірге келетін туристер санын бірнеше есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл қонақүй бизнесінің, қызмет көрсету саласының, көлік инфрақұрылымының және шағын кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Туризм индустриясының өркендеуі жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бюджет кірістерінің ұлғаюына ықпал етеді.

Сонымен қатар өндірістік аймақтардың көлемін кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы облыс экономикасының өсімін қамтамасыз ету көзделген. Өндірістік инфрақұрылымның дамуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде халықты тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіштері жақсарып, әлеуметтік тұрақтылық нығая түседі.