ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК КЕҢЕЙІП, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарының бірі – халықаралық ынтымақтастықты нығайту және шетелдік инвестиция тарту. Осы мақсатта өңірге Леван Диасамидзе жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы мен туристік әлеуетіне кеңінен тоқталып, аймақта жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар туралы баяндады. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы бүгінде түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде қарқынды дамып келеді. Облыс орталығы – Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бірегей тарихи нысан болып табылады. Бұл фактор өңірдің халықаралық деңгейдегі туристік тартымдылығын арттырып, инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Аймақтың табиғи-климаттық ерекшеліктері ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр. Түркістан облысы республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жетекші орынға ие. Сонымен қатар өңір ірі қара және ұсақ мал етін экспорттау бойынша алдыңғы қатарда. Бұл – агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы мен экспорттық әлеуеттің жоғары екенін көрсетеді. Өңірде инвестициялық инфрақұрылым да жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінде облыста 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға бірқатар салықтық жеңілдіктер ұсынылып, жобаларды тиімді іске асыруға барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек, шағын өнеркәсіптік парктердің дамуы өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Туризм саласы да өңір экономикасының маңызды драйверіне айналып келеді. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай жылына 3 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл көлік-логистикалық қолжетімділікті арттырып, туристік ағынды көбейтуге оң ықпал етуде. Аймақта тарихи-мәдени нысандармен қатар табиғи ландшафттар мен сауықтыру кешендерінің болуы туризмнің барлық бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Кездесу барысында Леван Диасамидзе Түркістан қаласының сәулеті мен тарихи келбетіне жоғары баға беріп, Қазақстан мен Грузия арасындағы достық әрі серіктестік қатынастарды нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, екі ел арасында туризм, сауда және инвестиция салаларында өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 184,5 млн АҚШ долларын құрады. Ал Түркістан облысы мен Грузия арасындағы сауда көлемі 0,5 млн АҚШ долларына жетті. Қазіргі таңда Қазақстанда грузин капиталының қатысуымен 250-ге жуық компания табысты жұмыс істеуде. Бұл көрсеткіштер екі ел арасындағы экономикалық байланыстың тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.