Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың біріне айналды. Өндіріс орындарын көбейту, жаңа кәсіпорындарды іске қосу, экспорттық әлеуетті арттыру және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған инвестициялық саясаттың нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай жақсаруда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың қорытындылары қаралып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
Биыл Түркістан облысына 1 трлн 783,9 млрд теңге инвестиция тарту жоспары бекітілген. Жылдың алғашқы бес айында өңір экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция құйылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 150,5 пайызды құрады.
Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша да өңір жоғары нәтижеге қол жеткізді. 2025 жылдың қорытындысында Түркістан облысына 1 млрд 998,2 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылып, жоспар төрт есеге артық орындалды. Осы көрсеткіштің нәтижесінде Түркістан облысы республика бойынша бірінші орынға шықты. Ал 2026 жылға 499 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспары белгіленген.
Аппарат мәжілісінде облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне инвесторларды тарту және оларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ әрбір инвестициялық жобаның іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстап, кәсіпкерлер үшін қолайлы инвестициялық орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Жиында облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаев инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірдегі инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыру мақсатында жобалар пулы қайта зерделеніп, нәтижесінде 2026–2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Бұл жобалар толық іске қосылған кезде 17 820 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар шетелдік капиталдың қатысуымен 608,9 млрд теңгеге бағаланған 30 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар пайдалануға берілгеннен кейін 7 799 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Биыл жалпы құны 369,4 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде бес айдың қорытындысында 42,4 млрд теңге көлеміндегі 11 жоба пайдалануға беріліп, нәтижесінде 407 жаңа жұмыс орны ашылды.

