ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУЫ АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНІҢ ӨСУІНЕ СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Заманауи технологияларға негізделген жылыжай шаруашылығын дамыту өңір экономикасының маңызды драйверлерінің біріне айналып, жыл бойы көкөніс өнімдерін өндіру көлемін арттыруға, халықты жұмыспен қамтуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда облыста жалпы инвестициялық құны 534,2 млрд теңгені құрайтын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендерін салуға бағытталған үш ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалар толық жүзеге асырылғаннан кейін өңірде жыл сайын қосымша 102 мың тонна жаңа піскен көкөніс өндіріліп, 1 225 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл еліміздің маусымаралық кезеңдегі көкөніс өнімдеріне деген сұранысын тұрақты қамтамасыз етуге және ішкі нарықтағы импорт үлесін азайтуға елеулі ықпал етеді.

Бүгінде Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша республикадағы жетекші өңір ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Облыстағы жабық топырақтың жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрап, бұл көрсеткіш Қазақстандағы барлық жылыжайлардың 72 пайызын қамтиды. Осындай әлеуеттің нәтижесінде өңір елдегі негізгі көкөніс өндіруші орталықтардың біріне айналып отыр.

Өткен жылы облыстың жылыжай кешендерінде 113 мың тоннадан астам көкөніс өнімі өндіріліп, маусымаралық кезеңде республикадағы ішкі сұраныстың 45 пайызын қамтамасыз етті. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде жылыжайларда өсірілген 38,2 мың тонна өнім жиналып, аграрлық сектордағы тұрақты өсім сақталғанын көрсетті.

Өңірде дәстүрлі көкөніс дақылдарын өсірумен қатар, жоғары өнімді тұқымдар, автоматтандырылған суару жүйелері, климаттық бақылау және энергия үнемдейтін технологиялар кеңінен енгізілуде. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, халықаралық сапа талаптарына сай бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және жаңа экспорттық нарықтарды игеруге мүмкіндік береді.

Жалпы, Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, инвестициялық белсенділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге елеулі үлес қосып келеді.