Қазақстанда су секторын реформалау бағытындағы ауқымды жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі ретінде айқындалып, бұл мәселе барлық өңірлерде кезең-кезеңімен шешілуде.
Осы бағытта Түркістан облысында ауызсу инфрақұрылымын дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындардың таза ауызсуға қолжетімділігін арттыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл шаралар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында болып, өңірдегі су жүйелерін жаңарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.
Ауызсу саласындағы жобаларды тиімді жүзеге асыру мақсатында халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Осы ретте Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестік аясында Израильдің су саласындағы жетекші ұлттық компаниясы – «Mekorot» мамандары Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапардың негізгі мақсаты – өңірдегі ауызсу жүйелерінің қазіргі жағдайын зерделеу және оларды жаңғырту бағытындағы мүмкіндіктерді бағалау.
Шетелдік мамандар Ордабасы ауданы аумағындағы су инфрақұрылымын зерттеу жұмыстарын бастап, жергілікті су шаруашылығына жауапты мекеме өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесу барысында қолданыстағы жүйелердің техникалық жай-күйі, су шығыны мәселелері және инфрақұрылымды жетілдіру жолдары кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар тараптар су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және желілерді жаңғырту бағытында бірлескен ұсыныстарды қарастырды. Аудан аумағындағы «Таза су» мекемесі өкілдері де өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Аталған бастамалар елімізде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобалармен сабақтасып отыр. Сала мамандарының пікірінше, халықаралық тәжірибені енгізу су жүйелерін басқарудың тиімділігін арттырып, ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Түркістан облысында су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың негізгі мақсаты – заманауи, тұрақты әрі тиімді ауызсу жүйесін қалыптастыру. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.
