Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін ірі инфрақұрылымдық жоба – халықаралық талапқа сай атшабардың құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде нысанды ашуға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров атшабарға кезекті рет арнайы барып, құрылыс сапасы мен сәулеттік шешімдерге қатысты нақты тапсырмалар берді. Өңір басшысы бұл нысан тек спорттық кешен ғана емес, сонымен қатар туризмді дамытуға ықпал ететін маңызды орталыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Жоба аясында барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым толық жүргізілген. 1500 орындық заманауи трибуна, жабық және ашық ат қоралары, манеж, ветеринариялық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар алаңы толықтай дайын. Сонымен қатар, көрермендерге қолайлы жағдай жасау мақсатында көкпар алаңына тікелей көрсетілімге арналған LED экран орнатылған. Бұл – нысанның халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға толық дайын екенін көрсетеді. Атшабардың ашылуы Наурыз мерекесі қарсаңында өтеді деп жоспарланған. Осыған орай, өңірде ұлттық спорт түрлерінен ауқымды халықаралық және республикалық жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, көкпардан әлем чемпионаты, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден Азия кубогы, асық атудан әлем кубогы, қазақ күресінен «Түйе балуандар» турнирі және басқа да сайыстар өткізу көзделген. Бұл бастамалар өңірдің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып қана қоймай, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға, шағын және орта бизнестің жандануына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, мәдени мұраны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мұндай ірі жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, әлеуметтік-экономикалық өсімнің жаңа кезеңіне жол ашуда. Облыс басшылығы құрылыс сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстап, барлық нысандардың уақтылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз етуде.
