Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды бағыттарының бірі – туризм саласын дамыту және шетелдік инвестиция тарту. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компания өкілдерімен кездесу өткізіп, туризм саласында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Кездесу барысында өңір басшысы Түркістан облысының туристік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталып, тиімді әрі ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға толық дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңірде соңғы жылдары инфрақұрылым жүйелі түрде дамып, туристік нысандар саны артып келеді. Бұл өз кезегінде шетелдік инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруда. Облыс әкімі атап өткендей, Түркістан облысына келетін шетелдік туристер саны жыл сайын өсуде. Өткен жылы өңірге 15 мыңға жуық шетелдік турист келген. Олардың ішінде Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркия және Қырғызстан мемлекеттері негізгі туристік ағынды құрайды. Бұл көрсеткіштер өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы заманауи халықаралық әуежайдың жұмыс істеуі – өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, туризм индустриясының қарқынды дамуына жол ашуда. Кездесу барысында шетелдік инвестор компания өз қызметін таныстырып, туризм және инфрақұрылым салаларында бірқатар жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Аталған компания Қытайдағы ең ірі құрылыс холдингтерінің бірі әрі әлемдік деңгейдегі жетекші мердігер ұйымдардың қатарына кіреді. 73 жылдық тәжірибесі бар кәсіпорын автожолдар, көпірлер, теміржолдар, әуежайлар, энергетикалық және өнеркәсіптік нысандар құрылысы бойынша ірі жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибеге ие. Мұндай халықаралық әріптестік Түркістан облысында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға, туристік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жалпы, өңірде туризм мен инвестиция салаларын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, оны халықаралық деңгейдегі тартымды өңірлердің біріне айналдыруға негіз болуда.
