Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Мемлекеттік этносаясат және этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара «Этносаралық қатынастар саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін дамыту арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және жалпыұлттық бірлікті нығайту» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Аталған жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстандық Даму қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі тарапынан «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың қолдауымен жүзеге асырылуда.Іс-шара барысында мемлекеттік этносаясатты іске асырудың заманауи тәсілдері, этносаралық қатынастарды дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту тетіктері кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар этносаралық қатынастардағы медиация институтының маңызы, диалог мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және мемлекеттік этносаясатты ақпараттық сүйемелдеудің өзекті бағыттары жөнінде мазмұнды пікірлер айтылды.

Семинарға «Қазақстандық Даму қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі, семинар модераторы Шыңғысхан Қожахметов, ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің бас сарапшысы Райхан Тілеубергенова, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі спикер ретінде қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Спикерлер мемлекеттік этносаясатты тиімді іске асыруда мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының және ақпараттық-түсіндіру топтарының өзара ықпалдастығының маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, этносаралық келісімді нығайту және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы кешенді жұмыстардың рөлі жан-жақты сөз болды.
Іс-шара аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, сұрақ-жауап форматында өзекті мәселелерді талқылады. Практикалық кейстер қарастырылып, өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдірудің тиімді тетіктері бойынша ұсыныстар ортаға салынды.

