Бүгін Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Ата Заң: халық таңдауы, ел болашағы» тақырыбында Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының кезекті отырысы өтті.
Іс-шараның мақсаты – жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын кеңінен түсіндіру, конституциялық реформалардың жүзеге асырылу барысын талқылау және құқықтық мәдениетті нығайту бағытындағы ақпараттық жұмыстың өзекті мәселелерін саралау.
Жиынды Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әбдез Иманқұлов ашып, жүргізді.
Отырысқа Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Махаббат Мамауджанова қатысты.
— Журналистер мен блогерлер – қоғам мен мемлекет арасындағы ақпараттық байланысты нығайтатын маңызды күш. Сондықтан жаңа Конституцияның мәні мен маңызын халыққа жан-жақты түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы оң өзгерістерді шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі кездесу осы бағыттағы өзара тәжірибе алмасуға және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді деп сенемін, — деді Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әбдез Рахманұлы.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлі, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар және қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді диалогты дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер қауымдастығының жауапкершілігі туралы өзара пікір алмасты.
Жиын соңында қатысушылар конституциялық реформалардың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

