Шымкент қаласы мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер жан-жақты қаралды. Жиынға партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, фракция жетекшісі Талғат Балтабаев, Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов, «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының сарапшысы Ақбота Тұрарова сондай-ақ фракция мүшелері мен аудандық партия филиалдарының атқарушы хатшылары қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде партияның «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы Жол картасының орындалу барысы, партиялық жобалардың тиімділігі, сондай-ақ тұрғындардан түскен өтініштердің орындалу деңгейі секілді өзекті мәселелер қаралды.

Атап айтқанда, Цифрландыру басқармасы тарапынан Жол картасының орындалу барысы туралы есеп беріліп, цифрландыру саласында қолға алынған жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды. Сонымен қатар, «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» секілді партиялық жобалардың өңірдегі іске асырылу нәтижелері сараланып, олардың халыққа тигізіп отырған нақты пайдасы талқыланды.

Жиында депутаттық сауалдардың сапасы мен олардың орындалу деңгейі де ерекше назарға алынды. Бұл – халық көтерген мәселелердің тиімді әрі уақтылы шешілуіне тікелей әсер ететін маңызды құрал екені атап өтілді. Сондай-ақ, тұрғындардан келіп түскен өтініштердің орындалу барысы сараланып, оларды жүйелеу мен жинақтау тетіктерін жетілдіру қажеттігі сөз болды.
Мәслихат депутаттарының халық алдындағы есептік кездесулерін ұйымдастыру мәселесі де күн тәртібінен тыс қалмады. Кездесулердің нақты кестесі бекітіліп, оларды өткізу форматы түсіндірілді.
Жиын барысында Ербол Байқонысов партия жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған нақты міндеттерді айқындап берді:
«Орталық аппараттың тапсырмасына сәйкес, әрбір фракция мүшесі сайлаушылармен тұрақты кездесу өткізіп, Көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастыру керек. Атқарылған жұмыстарды БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялап, ашықтықты қамтамасыз ету маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ, фракция мүшелеріне Жол картасында бекітілген тармақтар бойынша тоқсан сайын зерделеу жұмыстарын жүргізу, атқарылған жұмыстар туралы қалалық партия филиалына тұрақты түрде ақпарат жолдап отыру міндеттелді.
