«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Экологиялық аймақтық кеңестің көшпелі отырысы Орталық саябақта өтті. Жиынға қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, кеңес төрағасы Жеңісбек Тұрғанов, мәслихат депутаты Бақытжан Позилов, Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар және кеңес мүшелері қатысты.

Көшпелі жиын барысында қала тұрғыны Жамбыл Мүсіровтың өтініші негізінде Орталық саябақтағы инфрақұрылымдық жағдай жан-жақты қаралды. Тұрғынның айтуынша, саябақтың жекелеген аумақтарына тиісті деңгейде күтім жасалмай, көгалды суару жүйесі толық орнатылмаған. Соның салдарынан кейбір учаскелерде жасыл желек жеткіліксіз болып, аумақтар топырақ күйінде қалып отырғаны айтылды.

Жиын барысында жауапты мекеме өкілдері көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, анықталған кемшіліктерді жою бағытында тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, алдағы уақытта суару жүйесін толық іске қосу, абаттандыру жұмыстарын күшейту және саябақ аумағын тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы демалыс орнына айналдыру көзделіп отыр.
Кеңес мүшелері өз кезегінде көтерілген мәселелердің бақылауда болатынын атап өтіп, бір ай мерзім ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін қайта зерделеу үшін қосымша мониторинг жүргізілетінін жеткізді.
