Бүгін Абай Құнанбаев атындағы мектепте Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тілмен тоғысқан тағдырлар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – тілді ұлттар мен ұлыстарды ұйыстыратын ортақ құндылық ретінде дәріптеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және қоғамдағы тілдік татулықты нығайту.
Дөңгелек үстелге Шымкент қалалық түрік этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Оспанов Мейрамбек Хаму оглы қатысып, тілдің қоғамды біріктірудегі маңызы жөнінде ой-пікірін ортаға салды.

«Тіл – халықтың рухани болмысы мен мәдениетін айшықтайтын басты құндылықтардың бірі. Бүгінде елімізде әр этностың ана тілі мен мәдениетін сақтап, дамытуына барлық жағдай жасалған. Ал мемлекеттік тілді білу және оның қоғамдық қолданыс аясын кеңейту – баршамызға ортақ міндет. Осындай мазмұнды кездесулердің өскелең ұрпаққа берері мол. Жастардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, тіл мен мәдениетті құрметтеуге тәрбиелеу – ортақ парызымыз», – деді Оспанов Мейрамбек Хаму оглы.
Кездесу барысында тіл мен мәдениеттің сабақтастығы, мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі рөлі және көпэтносты Қазақстандағы тілдік келісім мәселелері кеңінен талқыланды.

