Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және өндірістік әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осыған орай Түркістан қаласындағы жаңа этно-туристік кешенде облыс әкімі Нұралхан Көшеров зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлермен, жастармен және белсенді азаматтармен кездесу өткізіп, өңірдің алдағы даму басымдықтарын талқылады.
Жиын барысында облыс басшысы соңғы жылдары Түркістан өңірінде жүзеге асқан ауқымды жобалар мен халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларға тоқталып, олардың облыстың имиджі мен экономикалық дамуына оң әсер еткенін атап өтті. Әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммитінің Түркістанда өтуі көне шаһардың халықаралық беделін арттырып, инвестициялық әлеуетін жаңа деңгейге көтергені айтылды.
Кездесуде өңір экономикасының негізгі көрсеткіштері мен даму бағыттарына кеңінен назар аударылды. Соңғы жылдары Түркістан облысында сыртқы сауда көлемі едәуір ұлғайып, экспорттық әлеует айқын байқалуда. Өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдеріне шетелдік нарықтан сұраныс артып келеді. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпорындардың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде.
Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда өңірде шикізатты терең өңдеу мен импортты алмастыруға басымдық беріліп отыр. Осы бағытта өндірістік жобаларға қажетті дайын бизнес-кейстер әзірленіп, инвесторларға инфрақұрылымы дайын өндірістік алаңдар ұсынылуда. Мұндай тәсіл инвестициялық жобаларды жылдам іске асыруға және өндіріс көлемін арттыруға ықпал етеді.
Түркістан облысы бүгінде еліміздің агроөнеркәсіптік саласындағы жетекші өңірлердің бірі саналады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі тұрақты өсіп, мақта, бақша өнімдері, жеміс-жидек және ет экспорты бойынша облыс республикада алдыңғы қатардан көрініп отыр. Сонымен қатар өңірдегі жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беруде.
Өңірдің табиғи ресурстық әлеуеті де экономиканың дамуына серпін беріп келеді. Пайдалы қазбалар мен өндірістік шикізат қорлары жоғары қосымша құны бар өнім шығаратын жаңа кәсіпорындарды ашуға негіз болып отыр. Нәтижесінде өңірде индустриялық кластерлер қалыптасып, өңдеу өнеркәсібінің үлесі арта түсуде.
Соңғы уақытта облыста машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, тоқыма өндірісі және ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру бағытында бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникалары мен дрондар өндірісі, жіп иіру, тігін, бояу-әрлеу, алюминий бұйымдарын шығару, сондай-ақ биологиялық қоспалар өндіру салаларында жаңа кәсіпорындар іске қосылуда.
Мұндай өндірістердің іске қосылуы импортқа тәуелділікті төмендетіп қана қоймай, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады. Сонымен бірге жаңа кәсіпорындардың ашылуы мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуде.
Облыста арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмысы да белсенді дамып келеді. Инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған өндірістік алаңдар инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастырып отыр. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бірнеше өндірістік парктер мен шағын өнеркәсіптік алаңдар салынуда.
Жиын барысында зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер Түркістанның даму қарқынына жоғары баға беріп, өңір экономикасын нығайту бағытындағы бастамаларға қолдау білдірді. Сонымен қатар қоғамдық белсенділер өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және жастар кәсіпкерлігін дамыту мәселелеріне қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық және өндірістік жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Алдағы жылдары жаңа кәсіпорындар мен инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы Түркістанды еліміздің жетекші өндірістік және инвестициялық орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
