15 мамыр күні Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті халықаралық деңгейдегі маңызды саяси әрі рухани оқиға ретінде тарихта қалды. Ауқымды басқосу аясында түркі әлемінің ынтымақтастығы мен өзара ықпалдастығын нығайту мәселелері талқыланып, Түркістанның стратегиялық әрі мәдени маңызы тағы бір мәрте айқындалды.
Саммиттен кейін Мемлекет басшысы арнайы кеңес өткізіп, халықаралық шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға ризашылығын білдірді. Президент Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке және қала тұрғындарына маңызды жиынға тыңғылықты дайындық жүргізгені үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркістанның түркі өркениетінің қасиетті мекені ретінде халықаралық қауымдастық алдында зор беделге ие болғанын атап өтті. Бүгінде шаһар тек тарихи-рухани орталық қана емес, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытатын, халықаралық деңгейдегі ірі іс-шараларды өткізуге толық мүмкіндігі бар заманауи қалаға айналып келе жатқаны ерекше айтылды.
Президенттің айтуынша, саммитке қатысқан шетелдік мемлекет басшылары мен делегация мүшелері Түркістандағы жолдардың сапасына, көшелер мен саябақтардың тазалығы мен көркейтілуіне жоғары баға берген. Бұл – өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың және тұрғындардың ортақ жауапкершілігінің нақты нәтижесі.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев облыс пен қала әкімдіктеріне Түркістанды одан әрі дамыту, инфрақұрылымын жетілдіру және тарихи келбетін сақтай отырып жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Президент Түркістанды Қазақстанның ғана емес, тұтас түркі дүниесінің тарихи жауһары ретінде дамыту маңызды міндет екенін атап өтті.
Жиын барысында Мемлекет басшысы халықаралық саммитті ұйымдастыруға және өткізуге белсенді үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Олардың қатарында әкімдік қызметкерлері, әскери және құқық қорғау органдарының өкілдері, коммуналдық сала мамандары, еріктілер мен қоғамдық белсенділер бар.
Бұл – ел игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегіне берілген жоғары баға. Түркістанда өткен маңызды саммит Қазақстанның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, түркі халықтарының рухани тұтастығын нығайтуға бағытталған тарихи қадамдардың бірі болды.
