ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ ЭКОБАҚ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛІП, ӨҢІРДІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУЫНА ЖАҢА СЕРПІН БЕРДІ

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру және экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қарашық өзенінің жағалауында жалпы аумағы 50 гектарды құрайтын «Түркістан» экобағы пайдалануға берілді.

Жаңа демалыс аймағының ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, бұл нысан өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, экобақ тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға, отбасылық демалысты ұйымдастыруға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Өңір басшысы соңғы жылдары Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны айтарлықтай артқанын атап өтті. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында өңірде тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді.

Облыстың құрылғанына сегіз жыл ішінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, миллиондаған шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Сонымен қатар жүздеген білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынып, елді мекендерді ауыз сумен және табиғи газбен қамту деңгейі едәуір артты. Осы кезеңде өңірдің жалпы өңірлік өнім көлемі бірнеше есеге өсіп, экономиканың тұрақты дамуына негіз қаланды.

Салтанатты іс-шара аясында жастардың белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық бағдарламалар ұйымдастырылды. «XIII Legion Street Workout» ұжымы көпшілікке арнайы спорттық қойылым ұсынып, бұқаралық спортты дәріптейтін жарыстар өткізілді. Қатысушылар өздерінің күш-жігері мен спорттық дайындықтарын сынға салып, салауатты өмір салтын насихаттады.

Жаңа экобақ заманауи талаптарға сай абаттандырылған. Аумағында өңірдің табиғи ерекшелігіне бейімделген тұранғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары отырғызылған. Сонымен қатар келушілер үшін төрт көпір, күн энергиясымен жұмыс істейтін 170 жарық шамы, волейбол және футбол алаңдары, балалар ойын аймақтары, арнайы демалыс және барбекю орындары, балық аулауға арналған жағажайлар, серуендеу жолдары мен шағын сәулеттік нысандар салынған. Құрылыс барысында экологиялық талаптарға сай қауіпсіз материалдар қолданылған.

Кешкі уақытта ұйымдастырылған мәдени бағдарламада қазақстандық эстрада өнерпаздары өнер көрсетіп, тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.