Түркістан облысы аумағында орман қорын ұлғайту және экологиялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі 22 орман тұқымбағында жыл сайын 20 миллионға жуық көшет өсіріліп, бұл ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Бұл туралы брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Төлепов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының республика бойынша 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасы аясында биыл өңірде 1 миллион түп көшет егу жоспарланған. Жалпы, 2021–2027 жылдар аралығында 110 мың гектар аумаққа 170 миллион көшет отырғызу көзделген.
Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі жүзеге асуда:
- 2021–2025 жылдары 96 мың гектар жерге 144 миллион сексеуіл көшеті отырғызылып, жоспар 116%-ға орындалды;
- Көшеттердің орташа жерсіну деңгейі 50%-ды құрайды;
- 2025–2027 жылдары қосымша 14 мың гектарға 24 миллион көшет отырғызу жоспарланған.
2025 жылы орман шаруашылығын дамытуға 9,6 млрд теңге бөлініп, 30 миллионға жуық көшет өсірілді. Сонымен қатар 2021–2025 жылдары елді мекендерде 3,6 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Қазіргі уақытта көктемгі маусымға қажетті 350 мың көшет дайындалған.
Балық шаруашылығы мен экология бағытындағы жұмыстар
Өңірде табиғатты тиімді пайдалану бағытында балық шаруашылығы да қарқынды дамуда. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлық балық өндірісін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда облыста 200-ге жуық балық шаруашылығы жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 8,2 мың тонна балық өндіріліп, өңір республика бойынша көшбасшылар қатарына шықты.
Қалдықтарды басқару саласында да оң өзгерістер бар. Бүгінде:
- 36 мекеме қоқыс жинау және тасымалдаумен айналысады;
- 15 кәсіпорын қоқысты сұрыптайды;
- 5 кәсіпорын қалдықтарды қайта өңдейді.
Атап айтқанда, Ордабасы ауданындағы «GREEN Technology Industries», Сауран ауданындағы «Green World» және «ND Plast Turan», Сарыағаш ауданындағы «Sadyk Bereke», Кентау қаласы аумағындағы «Статус Эверест» кәсіпорындары қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуде.
2025 жылы өңірде 87,5 мың тонна қоқыс жиналып, оның 31%-ы қайта өңделген. Биыл бұл көрсеткішті 33%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар экологиялық реттеу бағытында 101 рұқсат беріліп, 622 мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы әзірленген.
Жалпы, өңірде жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жасыл экономиканы дамытуға бағытталған.
