ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КЕШЕНДІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысының Сайрам ауданында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытындағы кешенді шаралар жалғасуда. Осыған байланысты өткен кеңейтілген жиынға аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев, аудандық полиция басқармасының басшысы Еркеғали Мейірбеков, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ салалық бөлімдердің жауапты мамандары қатысты.

Жиын барысында аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің қазіргі жағдайы жан-жақты талданып, бейнебақылау инфрақұрылымын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, аудандық және облыстық маңызы бар негізгі көше-жол желілеріндегі камералардың қамтылу деңгейін арттыру, олардың техникалық мүмкіндіктерін күшейту және құқықбұзушылықтың алдын алудағы тиімділігін жоғарылату бағытындағы жұмыстар қаралды.

Мамандардың айтуынша, бейнебақылау жүйесін дамыту – тек қылмыстың алдын алу ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің тұрақты дамуына серпін бермек.

Аймақтың инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру үдерісін ілгерілету аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі негізінде 2026 жылы Сайрам ауданында ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Жоба шеңберінде 80 дана «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесінің камерасы және қосымша 560 дана бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған.

Аталған бастама қоғамдық қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеруге, құқықбұзушылықтардың алдын алуға, жол-көлік оқиғаларын азайтуға және жалпы өңірдегі бақылау жүйесін цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадам тұрғындардың өздерін қауіпсіз сезінуіне және құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету тиімділігін арттыруға ықпал етпек.

Қазіргі таңда жоба аясында камералар орнатылатын нақты орындарды айқындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл процеске аудандық полиция басқармасы мен ауылдық округ әкімдіктері бірлесе қатысып, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздік деңгейі жоғары бақылауды қажет ететін аумақтарға басымдық берілуде.