СОЗАҚТА ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды, соның ішінде денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда Созақ ауданында маңызды медициналық нысан – аудандық орталық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков пен Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев жұмыс сапары барысында «Созақ аудандық орталық ауруханасы» ғимаратындағы құрылыс барысымен танысты. Сапар аясында мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімі жан-жақты сараланды.

Аталған жоба медициналық мекеменің инфрақұрылымын толық жаңғыртуға және оны заманауи стандарттарға сай бейімдеуге бағытталған. Жобаның бас мердігері – «KazBuildCo» ЖШС. Құрылыс жұмыстары «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жөндеу жұмыстары 2026 жылдың 11 сәуірінде басталып, 2027 жылдың 31 қазанына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда нысанның «В» блогында, яғни терапия бөлімінде демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар іргетас пен қабырғаларды күшейту, арматуралық қаңқаларды орнату және құрылыс қалдықтарын шығару жұмыстары қатар атқарылуда. Жобаға 30-дан астам жұмысшы мен арнайы техника жұмылдырылған.

Сапар барысында аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында қосымша жоспарлар бар екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағытта өндіріс орындарымен және әлеуметтік әріптестермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жауапты сала басшыларына құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау және барлық технологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Бұл жоба Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға және халыққа қолжетімді, заманауи емдеу ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.