Түркістан облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, инвестициялық тартымдылығын арттыру және халықаралық әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Жұмыс сапары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерге инвестиция тарту, экспорттық әлеуетті арттыру және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Сапар барысында өңірдің өндірістік, аграрлық және туристік әлеуеті таныстырылып, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда Түркістан облысы еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі саналады. Облыста өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика және туризм салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өңір экономикасына тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді.
Қытайға жасалған жұмыс сапары барысында Түркістан облысының делегациясы Қытайдың жетекші мемлекеттік корпорацияларының бірі – Yunnan Construction & Investment Holding Group (YCIH) басшылығымен келіссөздер жүргізді. Әлемнің көптеген елдерінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жүрген бұл компания автомобиль және теміржол құрылысы, логистика, энергетика және өнеркәсіптік инфрақұрылым салаларында мол тәжірибеге ие.
Кездесуде Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылып, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері ұсынылды. Тараптар өңір аумағында жол құрылысы, логистикалық орталықтар ашу және өндірістік жобаларды іске асыру бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Бүгінде Түркістан облысында 218 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Сонымен қатар шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған 300-ден астам кәсіпорын өңір экономикасының дамуына үлес қосуда.
Өңірдің географиялық орналасуы да маңызды артықшылықтардың бірі болып табылады. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі Еуразия кеңістігіндегі негізгі транзиттік бағыттардың бірі саналады. Бұл жағдай логистика және көлік инфрақұрылымын дамытуға зор мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Түркістан халықаралық әуежайы жылына 3 миллионға дейін жолаушы қабылдауға қауқарлы. Бұл өз кезегінде туризм мен халықаралық іскерлік байланыстардың дамуына оң әсерін тигізуде.
Облыс аумағында қазіргі таңда 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында шағын өнеркәсіптік парктер желісі кеңейтіліп келеді. Бұл алаңдар кәсіпкерлерге өндіріс орындарын жеңілдетілген шарттармен орналастыруға мүмкіндік береді.
Арнайы экономикалық аймақ «TURKISTAN» аясында 35 басым бағыт бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру қарастырылған. Аталған аймақтағы резиденттерге салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Бұл шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.
Түркістан облысының Қытайдың Юньнань провинциясымен тікелей байланыс орнатуы өңірдің халықаралық әріптестік көкжиегін кеңейтіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл қадам өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және экспорт бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыруға қосымша серпін береді.

