ЖУРНАЛИСТЕР МЕН БЛОГЕРЛЕР АТА ЗАҢНЫҢ МАҢЫЗЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

🔹Бүгін Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Ата Заң: халық таңдауы, ел болашағы» тақырыбында Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының кезекті отырысы өтті.

🔹Іс-шараның мақсаты – жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын кеңінен түсіндіру, конституциялық реформалардың жүзеге асырылу барысын талқылау және құқықтық мәдениетті нығайту бағытындағы ақпараттық жұмыстың өзекті мәселелерін саралау.

🔹Жиынды Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әбдез Иманқұлов ашып, жүргізді.

🔹Отырысқа Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Махаббат Мамауджанова қатысты.

— Журналистер мен блогерлер – қоғам мен мемлекет арасындағы ақпараттық байланысты нығайтатын маңызды күш. Сондықтан жаңа Конституцияның мәні мен маңызын халыққа жан-жақты түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы оң өзгерістерді шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі кездесу осы бағыттағы өзара тәжірибе алмасуға және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді деп сенемін, — деді Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әбдез Рахманұлы.

🔹Кездесу барысында жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлі, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар және қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді диалогты дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер қауымдастығының жауапкершілігі туралы өзара пікір алмасты.

🔹Жиын соңында қатысушылар конституциялық реформалардың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.