ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ ІРГЕТАСЫ

Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Жаңа Конституция – әділетті қоғамның іргетасы» тақырыбында «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістердің мәні мен маңызын түсіндіру, құқықтық мәдениетті нығайту және қоғамдағы бірлік пен келісім құндылықтарын дәріптеу.

Кездесуді Шымкент қаласының «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының төрайымы Гаухар Төлепова жүргізді. Өз сөзінде ол Конституцияға енгізілген өзгерістердің елімізде әділетті қоғам қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.

«Конституция – мемлекетіміздің басты құндылықтарын айқындайтын негізгі заң ғана емес, елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімінің берік негізі. Жаңа конституциялық реформалар азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға жол ашты. Әрбір азамат Конституцияның мәнін терең түсініп, оның талаптарын құрметтеген жағдайда ғана біз бірлігі бекем, болашағы жарқын мемлекет құра аламыз», – деді Гаухарт Уәлиханқызы.

Кездесу барысында қатысушылар Конституцияның қоғам өміріндегі орны, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызы және этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтаудағы ортақ жауапкершілік мәселелері төңірегінде пікір алмасты.