Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, заманауи әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған инфрақұрылымдық және абаттандыру жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қала аумағында қоғамдық кеңістіктерді көбейту, жасыл желектер көлемін ұлғайту және жаңа демалыс аймақтарын қалыптастыру жұмыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде.
Осы бағыттағы жобалардың орындалу барысын бақылау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс және абаттандыру жұмыстарының сапасы мен мерзіміне қатысты жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеді.
Аралау барысында шаһар басшысы Кентау тас жолы бойында бой көтеріп жатқан желілік саябақтың құрылыс алаңында болды. Жалпы көлемі 17,8 гектар аумақты қамтитын бұл жоба алдағы уақытта тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының едәуір бөлігі орындалған. Жоба аясында кең көлемде көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілерге арналған серуендеу жолақтары мен заманауи демалыс аймақтары қарастырылған.
Сонымен қатар қаладағы санитарлық тазалықты сақтау және абаттандыру деңгейін көтеру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету, көшелер мен саябақтарды күтіп ұстау, жасыл желектерді сақтау және көбейту бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды. Бұл шаралар Түркістанның сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қала әкімі сондай-ақ Жаңа қала аумағында салынуы жоспарланған Орталық алаң жобасымен танысты. Аталған нысан қоғамдық өмірдің маңызды орталығына айналып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жастардың патриоттық тәрбиесін нығайтуға қызмет ететін болады. Жоба қаланың заманауи сәулеттік келбетін толықтырып, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған жаңа кеңістік қалыптастыруды көздейді.
