Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі – инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту. Осы мақсатта энергетика, ауыз су, кәріз және электрмен жабдықтау жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту арқылы тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді.
Алдағы жылдары облыста энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. 2025–2029 жылдар аралығында жалпы көлемі шамамен 170 млн теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл қаражат инженерлік желілерді жаңарту, заманауи технологияларды енгізу және коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыруға бағытталады.
Жоспарға сәйкес, жылумен жабдықтау жүйесін дамытуға 20,08 млн теңге, электр желілерін жаңғыртуға 100,8 млн теңге, ауыз су жүйелеріне 34,5 млн теңге, ал кәріз инфрақұрылымын жаңартуға 8,4 млн теңге инвестиция тарту көзделген. Бұл жұмыстар өңірдегі инженерлік инфрақұрылымның техникалық жай-күйін жақсартып, коммуналдық қызметтердің үздіксіз әрі сапалы көрсетілуіне мүмкіндік береді.
Ұлттық жоба аясында инфрақұрылым нысандарын кешенді жаңғырту нәтижесінде 2029 жылға қарай коммуналдық желілердің тозу деңгейін 53,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Сонымен қатар энергия тиімділігі жоғары, қауіпсіз әрі цифрлық басқару жүйелері енгізіліп, саланың технологиялық әлеуеті күшейтіледі.
Жекелеген елді мекендерде де нақты жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Леңгір қаласындағы ауыз су жүйелерінің тозу деңгейін қазіргі 64 пайыздан 50 пайызға дейін төмендету көзделсе, Түркістан қаласында кәріз желілерін жаңғырту арқылы олардың тозуын 60 пайыздан 40 пайызға дейін азайту жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстарға 1 млрд 716 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңғырту өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырумен қатар, инженерлік желілердің сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге, жаңа өндірістердің дамуына және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өсімін жеделдетуге маңызды негіз қалыптастырады.

