Түркістан облысында экономиканың негізгі салаларын дамыту, жаңа өндірістер ашу және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту, отандық және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау, өндірістік жобаларды уақтылы іске асыру мәселелері облыс басшылығының тұрақты бақылауында.
Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысы қаралып, инвесторлар көтерген мәселелер талқыланды. Сондай-ақ өндірістік нысандардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау және жобалардың тиімділігін арттыру бағытында нақты міндеттер жүктелді.
Бүгінде Түркістан облысы инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің біріне айналып келеді. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңа өндіріс орындары ашылып, халықты тұрақты жұмыспен қамту және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Штаб отырысында Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынып жатқан «Нұрқағаз Х» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қағаз өндіру зауытының құрылысы қаралды. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 60 мың тоннаға дейін қағаз өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорын өңірдегі қағаз өнімдеріне деген сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, импорт көлемін азайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан тоқыма өнеркәсібі жобаларының барысы талқыланды. Атап айтқанда, «Hygeia Textile Kazakhstan» кәсіпорнының мақта иірімжібін өндіретін заманауи фабрикасы өңірдің мақта-тоқыма кластерін дамытудағы маңызды жобалардың бірі болып саналады. Қуаттылығы жылына 20-30 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік беретін кәсіпорын іске қосылғанда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жиында сондай-ақ «Turkistan Lihua» компаниясының тігін, тоқыма және бояу-әрлеу фабрикаларының құрылысы, Отырар ауданындағы мақта өңдеу және мақта тұқымын шығару зауыттарының жүзеге асырылу барысы қаралды. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласында заманауи технологияларды енгізуге бағытталған жобаларға да ерекше назар аударылуда. Жетісай ауданындағы «Altyn Kun Group» және Отырар ауданындағы «Lesso Drip» компаниялары жүзеге асырып жатқан тамшылатып суару жүйелерін өндіру зауыттары су ресурстарын тиімді пайдалануға және агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
Ордабасы ауданында іске асырылып жатқан «Huating Biotechnology Co., LTD» кәсіпорнының ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіру зауыты өңдеу өнеркәсібін дамытудағы маңызды жобалардың бірі болып табылады. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы шикізатын толық өңдеуге мүмкіндік беріп, жаңа өндірістік бағыттарды қалыптастырады.
Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан бірқатар өндірістік жобалар да өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосады. Олардың қатарында алюмоцинкпен қапталған және боялған металл өндіру зауыты, бір реттік ыдыс-аяқ шығаратын кәсіпорын, ауыл шаруашылығына арналған дрондар өндіретін зауыт және қуаттылығы 300 мегаватт болатын күн электр станциясы бар. Бұл жобалар өңірде жоғары технологиялық өндірістердің дамуына, жасыл энергетиканы ілгерілетуге және өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуға бағытталған.

