Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестициялық тартымдылықты арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облыста ауқымды жобалар қолға алынуда.
Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Хубэй провинциясының орталығы Ухань қаласында халықаралық деңгейдегі жетекші компаниялармен маңызды кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында өнеркәсіп, туризм, агроөнеркәсіптік кешен, көлік-логистика, құрылыс, инфрақұрылым және жоғары технологиялар салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Кездесулердің негізгі мақсаты – өңірге тікелей инвестициялар тарту, жаңа өндірістер ашу және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамаларды іске асыру болды.
Іскерлік кездесулер аясында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өңірде инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктері, жеңілдіктер мен бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Қытайлық компаниялар Түркістан облысының стратегиялық орналасуын, көлік дәліздеріне жақындығын және инвестициялық ахуалын жоғары бағалады.
Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылған. Бұл көрсеткіш өңірдің халықаралық инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналып келе жатқанын көрсетеді.
Кездесулер барысында медициналық технологиялар саласында жұмыс істейтін халықаралық компаниялар Қазақстан нарығына шығу және болашақта өңір аумағында өндіріс орындарын ашу жоспарларын таныстырды. Аталған жобалар медициналық өнімдердің қолжетімділігін арттырумен қатар жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Түркістан облысында арнайы техникалар шығаратын өндіріс орындарын ашу мәселесі қаралды. Бұл бағыттағы жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, отандық өндірісті дамытуға және импортты алмастыру саясатын жүзеге асыруға ықпал етеді.

