ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК АРТЫП, ЖАҢА ӨНДІРІСТІК ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, шетелдік инвестицияларды тарту және өндірістік секторды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облыста ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді.

Өңір экономикасына инвестиция тарту көрсеткіштері жылдан-жылға артып келеді. Биыл Түркістан облысында инвестициялар тарту көлемі 1 трлн 783,9 млрд теңге деңгейінде жоспарланған. Ал ағымдағы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 614,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсім қалыптасты.

Тікелей шетелдік инвестициялар тарту бағытында да өңір жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд 998,2 млн АҚШ долларын құрап, жоспарланған көрсеткіш төрт есеге артық орындалды. Нәтижесінде облыс республика бойынша көшбасшы өңір атанды. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының халықаралық инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келе жатқанын көрсетеді.

Инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру мақсатында облыста инвестициялық жобалар пулы қайта қаралып, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге сәйкес өзектендірілді. Нәтижесінде 2026–2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жоба қалыптастырылды. Бұл жобалар іске асқанда 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Аталған жобалардың ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын инвестициялық бастамалардың үлесі жоғары. Жалпы құны 608,9 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба өңір экономикасына жаңа технологиялар мен заманауи өндіріс мәдениетін енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда 7 799 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Биылғы жылдың өзінде жалпы құны 369,4 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іріктеліп, іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы бес айдың қорытындысында 42,4 млрд теңге көлеміндегі 11 жоба пайдалануға беріліп, 407 жаңа жұмыс орны құрылды.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың қатарында тау-кен металлургиясы, химия өнеркәсібі, тоқыма өндірісі, агроөнеркәсіптік кешен және машина жасау салаларындағы бастамалар бар. Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіру және уран өңдеу кешендерін дамыту жобалары іске асырылуда. Түркістан қаласында тоқыма және бояу-әрлеу фабрикаларының құрылысы жүргізілсе, Отырар ауданында мақта өңдеу кәсіпорындары салынуда.

Сонымен қатар Мақтаарал ауданында мақта мен өсімдік майын өңдейтін зауыт, Ордабасы ауданында сүйек қалдықтарын терең өңдейтін кәсіпорын, Сайрам ауданында ет комбинаты, арнайы техника құрастыру зауыты және сүт өңдеу кешендері бой көтеруде. Сауран, Арыс және Бәйдібек аудандарында да агроөнеркәсіптік бағыттағы жаңа өндірістер іске асырылып жатыр.