Түркістан облысында адами капиталды дамыту, сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту және білім беру инфрақұрылымын жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жан-жақты қаралып, 2026–2027 жаңа оқу жылына дайындық мәселелері талқыланды.
Жиында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына толық дайын болуы, оқу процесін сапалы ұйымдастыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, әлеуметтік қолдау шараларын уақытылы іске асыру және білім сапасын одан әрі арттыру бағытындағы міндеттер айқындалды. Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне барлық дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, әрбір білім беру ұйымының жаңа оқу жылын жоғары деңгейде бастауын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бүгінде Түркістан облысының білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Өткен оқу жылында өңірдегі 1106 мектепте 554 мыңнан астам оқушы білім алып, 67 мыңнан астам педагог еңбек етті. Ал жаңа оқу жылында мектеп оқушыларының саны 568 мыңнан асады деп күтілуде. Оның ішінде 50 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бұл – өңірдегі демографиялық өсімнің жоғары екенін және білім беру инфрақұрылымын тұрақты дамыту қажеттігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Соңғы жылдары Түркістан облысында жаңа мектептер салу мен заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде пайдалануға берілген 29 «Келешек мектебі» бүгінде толыққанды жұмыс істеп, олардың толымдылығы 95 пайызға жетті. Жаңа білім ошақтарына мыңнан астам педагог пен жүздеген техникалық қызметкер жұмысқа қабылданып, білім саласындағы кадрлық әлеует те нығайтылуда.
Өңірде білім сапасын арттыру бағытында қолға алынған реформалар нақты нәтижесін бере бастады. 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші 60 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа нәтижесі де республикалық деңгейден жоғары болып, облыс мектептеріндегі білім беру сапасының артып келе жатқанын көрсетті. Бұл көрсеткіштер педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту, оқыту әдістемесін жетілдіру және білім беру ұйымдарының материалдық базасын жаңарту бағытындағы кешенді жұмыстардың тиімділігін айқындайды.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында оқушыларды оқулықтармен толық қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлініп, барлық білім беру ұйымдарын қажетті оқу әдебиеттерімен қамту көзделген. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы 60 мыңнан астам оқушыға мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алуға қаржылай қолдау қарастырылып отыр. Бұл шаралар балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасап, әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Білім беру ұйымдарын алдағы жылыту маусымына сапалы дайындау, көмір мен сұйық отын қорын қалыптастыру, сондай-ақ 110 білім беру нысанын табиғи газға көшіру жоспарланған. Бұл жоба білім беру ұйымдарының коммуналдық шығындарын азайтып қана қоймай, жыл сайын бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді әрі экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.

