Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі басымдықтарының бірі – халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету. Осы бағытта өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа медициналық нысандар салу және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Облыс құрылғаннан бері денсаулық сақтау саласында ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып, өңірде 134 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өңірдегі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін айқындайды.
Осы кезеңде тұрғындардың сұранысына сәйкес жаңа емханалар, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер және жедел медициналық жәрдем нысандары салынды. Сонымен қатар пандемия кезеңінде модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының пайдалануға берілуі өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін едәуір күшейтті.
Соңғы жылдары ауылдық медицинаны дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Нәтижесінде ондаған дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер іске қосылып, шалғай елді мекен тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігі айтарлықтай артты. 2025 жылы Түркістан қаласында балаларды оңалту орталығының ашылуы да өңірдегі медициналық қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтерген маңызды жобалардың біріне айналды.
Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде халыққа көрсетілетін алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасы жақсарып, профилактикалық қызметтердің тиімділігі артып келеді. Бұл тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға және өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары биыл да қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда облыста 24 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 4 жедел медициналық жәрдем дислокациясы бар. Жаңа нысандар пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі одан әрі артып, алғашқы медициналық көмектің тиімділігі күшейе түседі.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласына инвестиция салу, материалдық-техникалық базаны нығайту және заманауи медициналық инфрақұрылымды қалыптастыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Жаңа медициналық нысандардың іске қосылуы халықтың әл-ауқатын арттыруға, адами капиталдың сапасын жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырып келеді.

