Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру бағытындағы дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірде оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынып, арнайы жоспарлар бекітілген. Бұл бағыт облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында.
Жазғы маусымды жоғары деңгейде өткізу үшін өңірлік ведомствоаралық штаб құрылып, 2026–2028 жылдарға арналған арнайы іс-қимыл жоспары әзірленді. Құжат аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру, сапалы тамақтандыру мен медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамыту мәселелеріне басымдық берілген.
Жазғы сауықтыру лагерлерінің дайындығына арналған арнайы жиын облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен өтті. Кездесу барысында балалардың қауіпсіздігі ең басты міндет екені ерекше атап өтілді. Облыс әкімінің орынбасары жазғы демалыс тек уақытты тиімді өткізу ғана емес, сонымен қатар балалардың денсаулығын нығайтып, олардың жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды кезең екенін жеткізді. Осыған байланысты әрбір лагерьдің материалдық-техникалық жағдайы, санитарлық талаптарға сәйкестігі және қауіпсіздік шаралары толық бақылауда болуы тиіс екені айтылды.
Жиында Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов өңірдегі жазғы сауықтыру науқанына дайындық жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, биыл облыстағы 1–10 сынып аралығындағы 496 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыс бағдарламаларымен қамту жоспарланып отыр.
Жазғы демалыс шаралары бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылады. Қала сыртындағы 23 сауықтыру лагерінде 35 мыңнан астам бала демалады деп күтілуде. Сонымен қатар мектеп жанынан ашылатын лагерьлер арқылы 140 мыңға жуық оқушы қамтылады. Бұдан бөлек, еңбек, туристік, спорттық және шығармашылық бағыттағы түрлі жобалар мен іс-шаралар аясында 300 мыңнан астам баланың жазғы уақытын мазмұнды өткізу көзделген.
Балалардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін лагерь инфрақұрылымын жақсарту бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы сауықтыру лагеріне апаратын жолдарды жөндеу, спорт алаңшаларын салу және электр жүйелерін жаңарту мәселелері қарастырылып жатыр. Ал Түлкібас ауданында орналасқан лагерьлердің жұмысын жетілдіру және жаңа демалыс орындарын ашу мүмкіндіктері зерделенуде. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта балаларды жазғы сауықтыру шараларымен қамту көрсеткішін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы және ерекше бақылауды қажет ететін 1300-ден астам баланы жазғы демалыспен толық қамту жоспарланған. Бұл бағытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік қолдауға баса назар аударылуда.
Жазғы кезеңде ата-аналармен де түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілмек. Мамандар балалардың қауіпсіздігі, демалысты тиімді ұйымдастыру және лагерь ережелері жөнінде арнайы ақпараттық жадынамалар таратып, кеңес беруді қолға алған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың танымдық, шығармашылық және әлеуметтік қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Өңірде жазғы сауықтыру маусымын жоғары деңгейде өткізу үшін барлық қажетті дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
