ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АУЫЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСУІНЕ СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысында ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, халықтың әл-ауқатын арттыру және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірдегі ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өндіріс көлемін ұлғайтуға елеулі үлес қосып келеді.

Бағдарламаның іске асырылу барысы мен алдағы міндеттер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды.

Облыс бойынша 2023–2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлініп, қаржы толық игерілді. Нәтижесінде алты негізгі бағыт бойынша 4 223 жоба жеңілдетілген несиемен қамтылды.

Бағдарлама аясында 597 жоба өсімдік шаруашылығында, 3 155 жоба мал шаруашылығы саласында, 22 жоба құс шаруашылығында және 53 жоба балық шаруашылығы бағытында іске асырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша 150 жоба, тұрғындардың жеке кәсібін ашуға бағытталған 279 жоба қолдау тапты.

Жобалардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде өңірде 593 жылыжай кешені іске қосылып, 4 223 шағын кәсіпкерлік субъектісі құрылды. Бағдарлама аясында 4 635 жаңа жұмыс орны ашылып, 79 қайта өңдеу кәсіпорны өз қызметін бастады. Бұдан бөлек, өңірдегі мал басы 76 887 басқа көбейіп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға азайды. Бұл көрсеткіштер бағдарламаның ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және экономикалық белсенділігін күшейтуге нақты ықпал етіп отырғанын көрсетеді.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаларды іске асыру барысында саннан бұрын сапаға және нақты экономикалық нәтижеге басымдық беру қажеттігін атап өтті. Ол жауапты басқармаларға тұрақты жұмыс орындарын құратын, өндірісті дамытатын және өңір экономикасына нақты үлес қосатын жобаларды қолдауды жалғастыру жөнінде тапсырма берді.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қарастырылған. Осы қаржы есебінен 1 115 жобаны қаржыландырып, 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда несие келісімдері аясында 7 млрд теңге бөлініп, оның 2,5 млрд теңгесі басым бағыттардағы жобаларды қолдауға бағытталуда. Сонымен қатар облыста 73 ауылдық округ пен 78 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру жоспарланып отыр.

Бағдарлама аясында аудандарда өңір экономикасына тың серпін беретін бірқатар өндірістік жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Шардара ауданында жылына 1,5 мың тонна балық жемін өндіретін кооператив құрылмақ. Сауран ауданында жылдық қуаттылығы 2 мың тонна макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорын іске қосылады. Төлеби ауданында жылына 360 тонна шұжық өнімдерін өндіретін қайта өңдеу өндірісі ашылса, Келес ауданында тәулігіне 1,5 мың дана шұлық шығаратын өндірістік цех жұмысын бастайды.