ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМЫП, БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

default

Түркістан облысында Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық аумақтарды кешенді дамыту және бұқаралық спортты қолжетімді ету жөніндегі тапсырмалары аясында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Өңірде елді мекендердің инженерлік және әлеуметтік әлеуетін арттырумен қатар, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше басымдық берілуде.

Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі Мақтаарал ауданына қарасты Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Өркен ауылында жүзеге асты. Халқының саны 550 адамды құрайтын елді мекенде заманауи кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысанның есігі айқара ашылды.

Жаңа спорт кешенінің ашылуы ауыл жастарының дене шынықтырумен тұрақты айналысуына, балалардың қауіпсіз ортада ойнап-өсуіне және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба ретінде бағалануда. Мұндай инфрақұрылымдық бастамалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға және қоғамда салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

Бүгінде Өркен ауылында халықтың жайлы өмір сүруіне қажетті негізгі инфрақұрылым толық қалыптасқан. Елді мекен табиғи газбен, ауыз сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етілген, мектеп пен балабақша жұмыс істейді, жол мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ал жаңа спорт және ойын алаңы осы әлеуметтік инфрақұрылымды толықтыра түскен маңызды нысандардың бірі болды.

Жоба аясында халықаралық талаптарға сай қоршалған, жасанды көгал төселген кіші футбол алаңы салынды. Спорт алаңы кешкі уақытта да пайдалануға мүмкіндік беретін жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар тұрғындардың игілігі үшін волейбол алаңы, балалар ойын кешені, воркаут аймағы, серуендеуге арналған жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс орындықтары мен көлеңкелі шатырлар орнатылып, аумақ толық абаттандырылған. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының барлық жас санатына қолайлы орта қалыптастырып отыр.

Әлеуметтік жобаның жүзеге асуы тұрғындардың ұсыныстары негізінде төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылды. Бұл өз кезегінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, ауыл тұрғындарының бастамаларын қолдау арқылы өңірлік дамудың жаңа тетіктерін қалыптастырып келеді.

Жаңа спорт алаңының ашылуы ауыл өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Салтанатты шара аясында ауыл тұрғындары мен ақсақалдар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, жастардың игілігіне арналған мұндай жобалардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ А.Тұяқбаев атындағы жалпы орта мектептің 2006 жылғы түлектерінің 20 жылдық кездесуіне орай ұйымдастырылған кіші футбол турнирі ауыл тұрғындарының басын қосып, бұқаралық спортты дамытуға серпін берді.

Түркістан облысында ауылдық елді мекендерді дамыту бағытындағы мұндай жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Спорттық және әлеуметтік инфрақұрылымның кеңеюі тұрғындардың әл-ауқатын арттырумен қатар, жастардың жан-жақты дамуына, қоғамдық белсенділіктің күшеюіне және ауылдардың инвестициялық әрі әлеуметтік тартымдылығының артуына ықпал етуде.