СЕГІЗ ЖЫЛДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК ӘЛЕУЕТІ ЕСЕЛЕНДІ

Биыл Түркістан облысының құрылғанына сегіз жыл толып отыр. Осы кезең ішінде өңірде ауқымды инфрақұрылымдық, өндірістік және инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді.

Соңғы сегіз жылда Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімі үш есеге жуық өсіп, 5 трлн теңгеге жетті. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,7 трлн теңгені құраса, бүгінде өңір экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, еліміздің серпінді дамып келе жатқан аймақтарының біріне айналды.

Өнеркәсіп саласы да өңір экономикасының жетекші бағыттарының біріне айналып отыр. 2025 жылдың қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 596,1 млрд теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге артты. Бұл көрсеткіш өндірістік әлеуеттің күшейіп, өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту мақсатында биыл жалпы құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар толық іске қосылған кезде 703 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде жылдың алғашқы алты айында 11,2 млрд теңге инвестиция тартылған төрт жоба пайдалануға беріліп, 278 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жетекшілігімен өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа өндірістерді іске қосу және инвестициялық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыруға және индустриялық әлеуетті күшейтуге ерекше басымдық берілуде.

Бүгінде Түркістан облысында жалпы аумағы 1 931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Осы өндірістік алаңдарда жалпы құны 60,8 млрд теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 3 073 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар алдағы кезеңде жалпы құны 96,4 млрд теңге болатын тағы 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске асқанда қосымша 2 791 адам жұмыспен қамтылады.

Индустриялық аймақтарды жаңа өндірістермен толықтыру жұмыстары да қарқын алған. Биыл өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын 12 жаңа инвестициялық жобаға қолдау көрсетіліп, оларды іске асыру нәтижесінде 519 жаңа жұмыс орны ашылады.

Өңірдің инвестициялық инфрақұрылымын дамытуда «TURAN» арнайы экономикалық аймағының рөлі ерекше. Жалпы аумағы 3 603,3 гектарды қамтитын арнайы экономикалық аймақ 10 субаймақтан тұрады, оның 1 450 гектары өндірістік мақсатқа арналған. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтың өнеркәсіптік субаймақтарында жалпы құны 875,3 млрд теңгені құрайтын 37 өндірістік жоба тіркеліп, кезең-кезеңімен іске асырылуда.