Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру және заманауи спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Сарыағаш қаласындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жобасы кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Жоба өңірдегі спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жастардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға және республикалық әрі халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.
Қазіргі таңда стадион аумағында жер жұмыстары мен жоспарлау, футбол алаңының негізін тегістеу, көрермендерге арналған трибуналарды жаңарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жобалау-сметалық құжаттама мен қолданыстағы құрылыс талаптарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Жоба Сарыағаш аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты орталық стадионды толық жаңғыртуды көздейді. Қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін спорт нысаны халықаралық талаптарға сай жаңартылып, спортшылар мен тұрғындардың игілігіне беріледі.
Жаңартылған стадион жас спортшылардың жаттығу сапасын арттыруға, бұқаралық спортты кеңінен дамытуға, түрлі деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға және жастарды дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай инфрақұрылымдық жобалар өңірдегі әлеуметтік нысандардың сапасын жақсартып, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Спорт инфрақұрылымын жаңғырту – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Заманауи спорт кешендері мен алаңдарының санының артуы өңірде бұқаралық спорттың дамуына, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және өңірдің әлеуметтік әлеуетін нығайтуға тың серпін беруде.

