Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды басымдықтарының бірі болып саналады. Бұл бағытта Жетісай ауданында да жүйелі жобалар жүзеге асырылып, ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде.
Соның айқын көрінісі ретінде Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Өркенді елді мекенінде жұмыс істеп тұрған «Бейсенбай ата» оқу-спорт орталығының қызметін атауға болады. Биылғы жылдың басында өз жұмысын бастаған орталық бүгінде ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың білім алуына, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік нысанға айналды.
Қазіргі таңда орталықта 250-ге жуық бала түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысып, өз қабілеттерін шыңдауда. Мұнда спорттың еркін күрес, бокс, үстел теннисі секілді түрлері бойынша тұрақты жаттығулар ұйымдастырылып, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалған. Сонымен қатар ұлттық би үйірмелері арқылы балалардың мәдени құндылықтарға деген қызығушылығы артып, ұлттық өнерге құрметі қалыптасуда.
Орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі – білім беру саласы. Мұнда оқушылар ағылшын және орыс тілдерін меңгеріп, көркем оқу сабақтарына қатысады. Ал мектепалды даярлық топтарында бүлдіршіндердің бастауыш білімге сапалы дайындалуына мүмкіндік жасалған. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі білім беру сапасын арттыруға және балалардың зияткерлік әлеуетін дамытуға оң ықпал етуде.
Оқу-спорт орталығында тәжірибелі жаттықтырушылар мен білікті педагогтар жұмыс істейді. Қатысушылар үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу кабинеттері мен спорт залдары, арнайы киім ауыстыру және санитарлық бөлмелер балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алып, жаттығуына мүмкіндік береді.
Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай әлеуметтік жобалар өңірдің адами капиталын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетеді. Жастардың білімге, спортқа және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру арқылы болашақта бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыруға негіз қалануда.
