ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТ ЖҮЙЕЛІ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында құқықтық саясатты тиімді іске асыру, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік басқару жүйесіндегі заңдылық қағидаттарын нығайту бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысының заң үстемдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, көлеңкелі экономика көлемін азайту және қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің өзара іс-қимылы күшейтіліп келеді.

Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі Мақтаарал ауданында өтті. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев мемлекеттік қызметшілермен және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесіп, қаржылық қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында мемлекеттік қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, бюджет қаражатының ашықтығы мен тиімділігі, қаржы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту және мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиында қаржылық тәртіптің сақталуы елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік басқарудың тиімділігінің негізгі кепілі екені атап өтілді. Сондай-ақ көлеңкелі экономикамен күрес, заңсыз қаржылық операциялардың жолын кесу, бюджет қаражатының заңды әрі тиімді игерілуін бақылау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.

Кездесу барысында қазіргі кезеңдегі өзекті қауіптердің бірі – қаржы пирамидалары, интернет арқылы жасалатын алаяқтық және цифрлық қаржылық қылмыстар мәселесі де жан-жақты сөз болды. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы алаяқтықтың жаңа тәсілдерінің пайда болуына ықпал етіп отырғандықтан, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және құқықтық ақпараттандыру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.

Ерболат Балғабаев мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары саналатын адалдық, ашықтық, жауапкершілік және заңға құрмет көрсету әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызметінің негізі болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлерді қызметтік әдеп нормаларын сақтауға, қоғамдық мүддені жеке бастың пайдасынан жоғары қоюға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және заң талаптарын бұлжытпай орындауға шақырды.

Кездесу барысында қатысушылар экономикалық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, құқық қолдану тәжірибесіне қатысты сұрақтарына нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге және құқықтық қамтамасыз ету тетіктерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Іссапар аясында департамент басшысы аудан тұрғындары мен мемлекеттік қызметшілерді жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелерге қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес құқықтық түсіндірмелер беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғау мен мемлекеттік органдардың халық алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады.