Түркістан облысында құқықтық саясатты тиімді іске асыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту және құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде тұрғындарға кешенді құқықтық қолдау көрсетуге ерекше мән беріліп келеді.
Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен «Жастар ресурстық орталығында» «Құқықтық дәріхана» жобасы аясында азаматтарды қабылдау іс-шарасы өткізілді. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнамалық мәселелер бойынша кәсіби кеңес беру және азаматтардың өтініштерін жедел әрі заң аясында шешуге ықпал ету.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен құқық саласының мамандары қатысып, тұрғындарға тегін құқықтық кеңестер ұсынды. Мұндай қабылдаулар мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтық мәселелерін шешудің тиімді тетігіне айналып келеді.
Қабылдау барысында азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету, жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, еңбек даулары, алимент өндіру, атқарушылық іс жүргізу, мемлекеттік қызметтерді алу және өзге де құқықтық мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді. Әрбір көтерілген мәселе жеке қаралып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірме берілді. Сонымен қатар, шешімі қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бойынша жауапты мекемелерге тиісті ұсынымдар жолданды.
«Құқықтық дәріхана» жобасы халыққа заңгерлік көмекті қолжетімді етумен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы құқықтық сананы нығайтуға ықпал етеді. Ашық форматта ұйымдастырылатын мұндай кездесулер тұрғындардың өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінуіне, заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру бағытындағы мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, құқықтық қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың ашықтығын күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге қызмет ететін болады. Бұл өз кезегінде заң үстемдігін нығайтып, өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен құқықтық тәртіптің сақталуына берік негіз қалайды.

